«Рухани жаңғыру» Мемлекеттік бағдарламасы аясында өткен мектепішілік  тағы бір шара

 

Қоғамдық сананың айрықша саласы-өнер; өнердің жалпы адамзат мәдениетінен алатын орны өзгеше.  Ал өнердің ішіндегі ең бір қадірлі де қасиеттісі-көркем әдебиет.

Әдеби шығарма адамның бүкіл ой-қиялын, сыр-мінезін түгел баурайды: қуантады, сүйіндіреді, таңдантады, күйіндіреді, жылатады, күлдіреді… Осыған орай 6 сәуір күні мектебімізде  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Руханият-мол мұрам» атты мәдени іс-шара өтті. Шарада мектеп ұстаздары қазақ әдебиетінің ең таңдаулы классикалық шығармалары: М. Әуезовтың «Абай жолы», С. Көбеевтің «Қалың мал», Б. Майлиннің «Шұғаның белгісі», С. Мұқановтың «Аққан жұлдыз», Ғ. Мүсіреповтың «Ұлпан»,  Ж. Аймауытовтың «Ақбілек», С. Торайғыровтың «Қамар сұлу» романдарынан көріністер қойды.  Бұған дейін де эстетикалық, орыс тілі, қоғамдық пәндер, бастауыш сынып, қазақ тілі, ағылшын тілі, жаратылыстану бірлестіктері болып түрлі шараларда белсенділік танытып жүрген мектеп ұжымы, бұл жолы да өз шеберліктерінің шыңын көрсетті. Ұстаздар тағы бір өнерлі қырларын паш етіп, көркем әдебиеттің тұнығына терең бойлады. Ал тәрбиелік мәні бар, салт-дәстүрлеріміз көрініс тапқан қойылымдар арқылы көрермен болып отырған  оқушыларға өмір құбылысы, оның әр түрлі ерекшеліктері тұтас көрсетілді. Көркем шығарманың адамға тек өмірді танытып қана қоймай, өмірге деген көзқарасын қалыптастыратынын, мінез-құлқына, тұрмыс-тіршілігіне ықпал ететінін түсіндірді. Осылайша ұстаздар оқушылардың көркем әдебиетке деген қызығушылықтарын оятты деп айтуға да болады.

 

Шара соңында 9-11 сынып оқушылары үлгі-өнеге көрсеткен ұстаздарына ақ алғыстарын білдіріп, жұмыстарының табысты болуын тіледі.